21 Haziran 2017 Çarşamba

Ы. Гаспыралы және қазақ түрікшілдігі

ХХ ғасырдың басында түрік халықтарының ішінде татар руханиаты, әдебиеті, мәдениеті барынша дамыды. Әлемдік биікке көтеріле алған тұлғалар, әдебиет алыптары тарих алаңына шықты.
ХХ ғасырдың басындағы татар мәдениеті көптеген түрік тектес халықтардың мәдениетінен оқ бойы озық тұрды. Ал татар әдебиеті өзінің озық идеялары, көркемдік шеберлігімен басқа түрік тектес халықтардың әдебиетшілеріне үлгі-өнеге болды, татар арасынан ірі-ірі ақын-жазушылар шығып олар басқалар оқып-үйренерлік, тәлім аларлық көркем туындылар берді. Мұндай адамдардың қатарына татардың ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қоғам және мәдениет қайраткерлері Ысмайыл Гаспыралы, Х. Ямашев, М.Вахитов, Ғ.Құлахметов аса көрнекті ақын жазушылары Ғ. Тоқай, Ғ. Ибраһимов, М. Ғафури, Ф. Кәріми, Ғ. Камал, Ф. Әмірхан, М. Фаизи т.б. қосуға болады.
ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы бүкіл түрік мәдениеті мен әдебиетінің ең көрнекті өкілі болған және қырым татарлары мәдениеті, әдебиетіне ғана емес, сонымен бірге бүкіл түрік тектес халықтардың әдебиетіне, көптеген ақын-жазушылары елеулі ықпал жасап, әсерін тигізген қырым татарларының ұлы перзенті Ысмайыл Гаспыралы еді. Ысмайыл Гаспыралы немесе Исмаил Гасприн­ский – ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы барша түрік дүниесіне, жалпы адамзатқа ортақ аса ірі қайраткер, қаламгер, жазушы, ойшыл, ағартушы. Оның жаңашылдығы, түрік халықтары арасындағы ағартушылық-реформалық бастамалары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары мен шетелдердегі мұсылмандардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Бүгінде Ысмайыл Гаспыралы есімі – ұлттық парасаттың, азаматтық батырлықтың, халыққа адалдықтың, ар мен намыстың символы десек қателеспейміз.
Түрік халықтарының бірлігі үшін күресі мен шығармалары арқылы бүгінге жөн сілтей отырып үлгі болған, еңбектерімен тарихимызда із қалдырған маңызды тұлғалардың бірі – Ысмайыл Гаспыралы қазақ зиялыларына шамшырақ болды. Ы.Гаспыралы мен оның жолдастарының идеяларынан, күресінен және еңбектерінен бүгін де көп сабақ алуға болады. Өмір бойы түрік тілдес халықтарды біріктіріп, түрік халықтарының мүддесін қорғап, батыс еуропамен барлық салада бәсекеге түсе алу үшін аянбай еңбек еткен Ы. Гаспыралыны бүгінгі ұрпақ жақсы білуі қажет.
Ы. Гаспыралы Ресейде Мұсылман халықтарының, түріктердің құқы аяққа тапталмауы үшін күресті. 
«Патшалық отарлау саясатының басты мақсатының бірі – халықты жаппай орыстандыру, шоқындыру, түрік халықтарын өзінің төл тілінен және дінінен ажырату. Бұған жетудің негізгі жолдарының бірі – орысша оқытатын мектеп ашу және халықты христиан діні бойынша қайта сауаттандыру ісі еді. Осы орайда, Мәскеуде құрылған арнайы миссионерлік қоғамның негізгі ұстанымдарына көңіл аударған абзал. Онда: «Мұсылман елдерін ыдырату, арасына от жағу, яғни, пантүрікшілдік пен панисламдыққа қарсы күресу; қазақ елінің ағартушылық қозғалысын татарлардың ықпалынан, мұсылман дінінен алшақтату; бұратана халықтарды православие дініне шоқындыру; халықты ата-баба тарихынан, ұлттық мәдениетінен қол үздіру, яғни, қазақтардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазу таңбаларын жою, орыс әліпбиін енгізу; мұсылмандық мектептер мен медреселерді біртіндеп жою, олардың орнына аралас орыс-түзем, орыс-қазақ мектептерін ашу, кейін бұлардың бәрін таза орыс тіліне көшіру; шет аймақтарда отаршылдық саясатты жүзеге асыру үшін миссионер ғалымдар, оқытушылар кадрларын көптеп даярлау», – деген қағидалар басшылыққа алынатыны бұйрық күйінде көрсетілген еді. Орынборда ашылған татар мектебі (1744 ж.) мен Неплюев кадет корпусы, Омбыдағы «Азия мектебі» мен кадет корпустарының атқарған қызметі осы құжатта көрсетілген шаралардың жүзеге асуының нақты көрінісі болды. Отаршыл үкімет жергілікті халық ішінен ру билеушілері мен басқару орындарының әкімдерін тағайындауда олардың орысша сауатты болуын талап етті [4, б. 89]. Ресей отаршылдарының осындай жасырын пиғылын жазбай таныған түрік халықтарының зиялылары орыс империясының зорлықшыл саясатына қарсы тұрды. Сондықтан түрік зиялыларының лидері Исмайыл Гаспыралының қайта-қайта Орталық Азияға алаңдауының мәні осында болатын.
Түрікшілдікті алғаш ту етіп көтерген Ысмайыл Гаспринский (Гаспыралы) көзі тірі кезінде, халық арасында «біздің сүйікті ұстазымыз», «халықтың қызметшісі», «түрік-татар ұлтарының ағартушысы», «прогреске жол ашқан» сияқты құрметті атақтарға ие болған тұлға. XX ғасырдың басында жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары Ысмайыл Гаспралыны бүкіл түрік халықтарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын саяси көсем ретінде танылды. Оның еңбектерін оқыған қазақ зиялылары түрікшілдік рухында жетілді..
Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Сералин, Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмүд Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сияқты қазақ зиялылары Ысмайыл Гаспралының түрікшілдік идеяларын қазақ топырағында жандандырып, ел арасына түрік патриотизмі, түрік бірлігі рухының дәнін екті. Ал әдебиеттегі ықпалы орасан. Бұл орайда академик-жазушы С. Мұқанов татар руханиятының, әдебиетінің қазақ әдебиетіне жасаған игілікті ықпалы жөнінде: «Ысмайыл Гаспыралы, Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибраһимов, Мәжит Ғафури, Ғалиасқар Камал, Фатиз Әмірхан, Ғафур Құлахметов сияты үлкен қайраткерлер, жазушылар идея және көркемдік шеберлік жағынан қазақ ақын-жазушыларының бүкіл бір буынына әсерін тигізді. Татар әдебиеті және жекелеген татар жазушылары бізден басқа халықтардың да әдебиетіне да ықпал жасады. Мұның өзі түрікмен жазушысы Берді Кербабаев, өзбек жазушылары Абдолла Қадыри, Ғафур Ғұлам және тәжік жазушысы Садриддин Айнилардың шығармашылығынан айқын көрінеді. Мұның өзі бүкіл әлемге белгілі жайт» [5, б. 94] десе, белгілі қазақ жазушысы Ғ.Мұстафин: «Қалың татар көрмей жүрген халқымыз емес, қашанда адал ниетті көршіміз, ақ тілеулі ағамыз.Сахарада көзін ашқан жас балапан жазба әдебиетіміздің балақ жүнін түлеткен де- солар, төңкеріске дейін азын-аулақ кітаптарымыз болды десек, соның қай-қайсысында да кәрі қара шаңырақ Қазанның аты жазылған.Татар мәдениеті қазақ үшін көз көрмеген, аяқ баспаған бейтаныс өлке емес. Оның самалын ертеден –ақ саялап, оның миуасын баяғыда-ақ татқанбыз. Тәтті екен –тамсанғанбыз.Шөлдей, шөліркей ұмтылғанбыз сол жаққа» – дейді [5, б. 98].
Отаршылдық езгіден құтылу жолын іздеген Ысмайыл Гаспринский түрікшілдік идеяны насихаттау мақсатында «Тәржіман» (Переводчик) газетін шығарып тұрды. Газет «Тілде, пікірде, істе бірлік!» деген сөздерді ұранға айналдырды. Бұл ұран алғаш рет 1911 жылы «Терджүман» газетінде тақырып астында орналасқан еді. Гаспыралы түріктердің біртұтастығына сенген еді. Исмаил түрік тілдес халықтардың бірлігін қамтамасыз етудің алғашқы қадамы тілде бірлік деп есептеді. Ол ыдыраған түрік халықтарын жақындастыратын, біріктіретін ең күшті құрал - ортақ әдеби тіл деп білді. Осы жолда көп күш жұмсалды.
Ол туралы Ә. Бөкейхан: «Исмайыл мырза «Тәржіман»-ды өзі жазған, баспаханада харіпті өзі тізген, мәшинәда өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларғ а өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіман»-ның бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығ арып, таратып тұрған», – деп (4, б. 363 – 364) оның газетті оңайшылықпен шығармағанын, газет шығару үшін қанша бейнеттенгенін атап өтеді. Баспа үйін ашу, қағаз бен сия сатып алу, мақала жазу, газетті басу жұмыстарын бір өзі атқарған. «Тәржіман» бастапқыда аптасына бір рет шықса, кейіннен күн сайын шыға бастайды. Газет шыға бастаған кезде көпшілікті қызықтыратын, өзекті мәселелерді терең талдап, халыққа жариялап отырады.Қазан төңкерісіне дейін «Тәржіман» секілді ұзақ мерзім, яғни 33 жыл бойы басылған басқа түрік халықтарында газет болған жоқ. Газет барлығы 35 жыл басылды, бұл жылдары түрік жұртына қызмет етті.
Әдеби түрік тілін бүкіл түрік халықтарына тарату, сауаттылықты арттыру және әйелдер мен ерлердің теңдігін қамтамасыз ету Ы. Гаспыралының негізгі мақсаты болған еді. Гаспыралы ауызша және жазбаша қолданылған түрік тілі Ыстамбұлдағы жүк тиеуші мен қайықшы, не Шығыс Түрікстандағы түйе айдаушы мен қойшы түсіне алатындай бір тілдің болуын қалады. Гаспыралы ортақ тіл ретінде Осман түрік тілін қарастырды. Өйткені бұл тіл империялық тіл деңгейіне жеткен еді. Бірақ бұл тілде көптеген араб және парсы сөздері кездескендіктен, оны түсіну қиын болды. Сондықтан түсініксіз сөздерді алып тастаған Ысмаил мырза олардың орнына Қырым түрік тілі мен өзге түрік тілдерінен алған сөздерді жинап, жаңа әдеби тілді қалыптастырды және ол тілді «Терджүман» газетінде пайдаланды. Гаспыралы бұл ойын «Егер Осман түріктері тілдерін біраз жеңілдетіп, оқу және жазуды үйреніп, дауысты дыбыстарды пайдалана бастаса, бес-алты жылдан кейін Ресей мұсылмандарымен тілдері міндетті түрде бірігер еді. Бұдан туындайтын артықшылықтарды түсіндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын» деген сөздерімен түсіндірген еді.
Гаспыралы шығарған газет бүкіл түрік әлемінде оқылып, түрік тілінің тек бір тіл екендігі түрік зиялы қауымы тарапынан қабылданған болатын. Бұл жағдай түрік зиялыларының арасындағы пікір бірлігіне де себеп болды. Ортақ түрік тілін құрып, түрік аймақтарында таратқаннан кейін «пікірде бірлік» жеңіл болады деп санаған Гаспыралының ойы дұрыс болғанын бүгінгі уақыт көрсетіп отыр. Сайып келгенде, бұл қозғалыс «қайта ояну және қайта жандану» деген мағынаны береді. Гаспыралы «тілде бірлік және пікірде бірлік» идеясынбір өзі құдіретті күшпен, теңдессіз құрбандықпен жүзеге асырды. Сондықтан Гаспыралыны өресі биік тұлға ретінде мәңгі есте сақтау керек. Істе бірлік қағидасының іске асырылуын Гаспыралы болашақ ұрпаққа қалдырды. Осыған байланысты ол «Кейбір идеяларды жүзеге асыруға бізге тыйым салынған. Оларды болашақ ұрпаққа қалдырайық. Біз рухани бірлікке жетіп, тілдерді біріктірейік, саяси бірлік туралы басқалар ойласын» деген еді.
Түрік халықтарының жері, тағдыры, тілі, діні, салт-дәстүрі, тарихы, ауыз әдебиеті, аңыздары, мақалдары, ойшылдары, хандары және батырлары газеттің қозғаған маңызды мәселелері болып табылады.
Газеттегі жер мәселесіне байланысты Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Суыққа тоңып ыстыққа піскен, ащы-тұщыны ішкен дегендей көпті көрген қариямыз (Ы. Гаспыралы) «Тәржіман» ақсақал 1331-інші номерінде жерді шарт жүгініп, қолындағы мойыл таяғыменен жерді сабап, «Білесіздер, топырақ - Алла емес, бірақ Алланың жаратқан нәрсесінің ең оңдысы, ең қадірлісі, жанға саясы, жұртқа панасы. Адам мақұлықтардың құрметтісі, артығы дейсіздер. Құдай тағала адамды алтыннан жаратқан жоқ, баяғы жақынға сая, жұртқа пана болған топырақтан жаратты. Алтын да топырақтың құтымен болған нәрсе. Жанға құт беретін, ғұмырға берекет беретін, арысаң ат, ашықсаң тамақ болатын ТОПЫРАҚ, ТОПЫРАҚ және ТОПЫРАҚ! Айтып-айтып келіп, мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын, қолыңа тиген топырақтан айырылма! Мойындарыңдағы парыз осы. Қазақ, қырғыз, башқұрттар-ау. Топырақ. Топырақ. Топырақ!» деп сақалынан суы сорғалап бай-байлап отыр» (1, б. 136) деп оның сөздерінің қазақ ақсақалдарына ұқсамайтындығын, құрметке бөлену үшін айтылған жалаң, екіжүзді, бос сөздер еместігін, қолымен ұстап, көзімен көрген және басынан өткізген ащы тәжірибемен, ашына айтылған сөзге ұқсайтындығын қазаққа тағы да қайталап айтып жеткізеді. Бұл бүгінгі күні аса маңызды.
Ысмайыл Гаспыралының түрік жұртына арнап айтқан «Тілде, пікірде, істе – бірлік!» ұраны реформаторлық ісінің нақтылығын, бейбітшілік пен өркендеуді өзек еткенін айғақтайды.
Париждің Сорбона университетіне барды. Еуропаның білім беру жүйесін жетік игерді. Сондықтан И.Гаспринский артта қалушылақтан арылудың бірінші амалы қазіргі заманғы білім беру жүйесіне өту деп есептеді.
Жәдит әдісі деп аталатын Гаспыралы әдісіне сәйкес, әуелі әріптердің айтылуы, содан кейін сөз ішінде қалай пайдаланылатыны, одан соң сөздердің сөйлемде қалай пайдаланылатыны оқытылды. Осы әдістің көмегімен балалар 45 күнде оқу және жазуды үйрене алатын. Исмаил мырза оны дәлелдеу үшін балаларды 45 күн соңында жұрт алдында сынақтан өткізіп, оқушыларға бұрын көрсетілмеген мәтін үзінділерін беріп оқытты, жаздырды және оқушылар үлкен жетістіктер көрсетті.
«Тәржіман» өз тұсында көп мәселе көтерді. Алайда соның ішінде ең сүбелісі – түрік мұсылмандарының ағаруы мен дамуына тікелей байланысты іс-әрекеттер тетігін көрсетуі еді. Олар: 1) мұсылман халқының білімін реформалау – жәдитшілдік құбылысы, үдерісі; 2) рухани күшті (білім, баспасөз, әдебиет, дін, т.б.) елді ағартуға жұмылдыру; 3) саяси сергектікті насихаттау.
Ысмайыл Гаспыралынықазақ қайраткерлері өздеріне ұстаз тұтты. Шәкәрім Құдайбердиев оны өзіне ұстаз тұтқанын «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегінде «Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Ысмағұлбек Гаспринский десем бек дұрыс. Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым. Алла екі дүниеде мақсатына жеткізсін, әмин» (10, 46) деп атап өтсе, М. Сералин «Русие қол астына қараған 20 миллион мұсылмандардың оқымыстыларының барлығына Гаспринский ұстаз еді. Барлығы да ол марқұмды білуші еді, сүюші еді, сыйлаушы еді... Біздер Исмағилбек арқасында өзімізді тани бастадық, дүнияда қандай ғылым, қандай хабар барлығын көре бастадық, бұрынғы өтіп кеткен аталарымыздың қандай хабарлы екендігін біле бастадық. Жеңіл тәртіппенен оқытудың пайдалы екендігіне өзіміздің ана тіліміз сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екендігін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық, біз бұрын жансыз өлі кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді» (7, б. 74 – 75) деп оның есімінің қазақ халқы үшін қаншалықты қымбат екендігін жазады.
Түрік халықтары бәріміз «сана тепкісінде», бір шындығы жоқ тарихты оқып өстік. Енді шын тарихқа, тарихи тұлғаларға бет бұрдық.
Бүкіл түрік халықтарына шамшырақ болған Ысмайыл Гаспыралыдай ұлы тұлғаны дүниеге әкелген қырым татарлары заманның көп қыспағын көрді. Ең ұлы халыққа - ең ұлы езгі, ең ұлы қырғынды да тарих басынан кешірді. Жер бетіндегі саны көп, өзі бай, батырлығы төрткүл дүниеге белгілі, өнерлі жұрттардың бірі едік. Түрік халықтарында да ХІХ ғасырдан бастап күшті буржуазия қалыптаса бастаған еді. Батыстың өнерін, ғылымын, мәдениетін үйренем деп жалындап тұрған, алқынып тұрған жолбарыс жүректі жастары дүниені дүрілдеткелі тұрғаны бір бөлек. Байлар, ақсүйек аристократия балаларын батыс еуропада Парижде, Лондонда оқыта бастаған. (Париждің Сорбона университетіне барған Гаспыралы да сол көптің бірі еді). 1917-ші жылғы қазан төңкерісіне дейін, дұрысырағы топалаңға дейін түрік халықтары, оның ішінде қырым татарлары осындай еді. Ең ұлы... және ең қатерлі халық болыппыз. Ал ең ұлы халыққа – ең ұлы езгі, ең ұлы қырғын. Біздің көргенімізді көрсе, басқа халық жер бетінен жойылып кетер еді. Біз түрік халықтары аман шықтық. Әрине, ақылға симас шығынмен, жойылу қатерімен. Бірақ жаңа күнге жеттік. Осы ұлы езгі, ұлы тепкі ізсіз кеткен жоқ. Қисапсыз шығынмен, бар зиялымыздан, тектілігімізден айырылдық. Көп жақсымызды жоғалттық. Бірақ болашақтан үміт зор. Күлтегін бабамыз «Көкте аспан құламаса, аста қара жер айрылмаса көк түрік сенің мәңгі жасайтыныңа сенемін» деді. Түрік жұрты, оның бір бұтағы қырым татарлары да Ысмайыл Гаспыралыдай шамшырағы барда мәңгі жасары сөзсіз.


Әдебиеттер тізімі
1. Болғанбай Х. Иманкүші / Х. Болғанбай. –А.: Арыс, 2009. – 288 б.
2.Бөкейхан Ә. Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. – Т. 5 / Ә. Бөкейхан  – Аст.: Сарыарқа, 2010. – 560 б.
3.Исмаил бей Гаспыралының мұраты, еңбектері, ақыл-кеңесі мен жаңалықтары / Дайындаған: Сабри Арыкан. – Т. 2. – Стамбұл: Түрік әлемін зерттеу қоры, 2011. – 434 б.
4. Қамзабекұлы Д., Ысмайыл Гаспыралы: Шығыс пен Батыс үйлесімі / Д. Қамзабекұлы. – Егемен Қазақстан, 2014.
5. Қамзабекұлы Д. Түркіге жан бітірген Гаспыралы / Д. Қамзабекұлы // Ақиқат. – 2013. –  № 12.
6.Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі / Ш. Құдайбердіұлы. –Аст.: Қазақстан, 1911.
7.Сералин М. Мақалалары, публицистикалық шығармалары, поэмалары, және аудармалары / М. Сералин. – Аст.: Аударма, 2002. – 335 б.
8.Сүлейменов О.Б. И.Гаспринский және қазақ қаламгерлері арасындағы байланыс / О.Б. Сүлейменов // ЕҰУ Хабаршысы. – 2014. –  № 2.


Султанова Бибигуль Мынбаевна,
Адилбекова Лаззат Махайовна

Исмаил Гаспринский и казахский тюркизм

Аннотация. Тюркизм, как и тюркский патриотизм, возникает в России в 1870-х годах как культурно-либеральное движение татарской и тюркской интеллигенции. Формирование и распространение теории тюркизма и неотделимой от нее программы обновления мусульманской системы просвещения (джадидизма) самым тесным образом связаны с общественной и научной деятельностью крымскотатарского великого просветителя Исмаила Гаспринского. Его труды, вошедшие в историю общественной мысли конца XIX — начала XX века как цельная гуманистическая идеология тюркизма, довольно своеобразны — они менее всего похожи на систематизированный и аргументированный компендий и носят фрагментарный и эмпиричный, подчас декларативный характер.
Ключевые слова: Исмаил Гаспринский, тюркизм, казах, гуманистический.


Sultanova Bibigul Mynbayevna,
Adilbekova Lyazzat Mahayovna.

İsmail Gasprinskiy and Kazakh Turkism

Abstract. Turkism, like Turkic patriotism, emerges in Russia in the 1870s as a cultural and liberal movement of the Tatar and Turkic intelligent people. Formation and dissemination of the theory of Turkism and an inseparable program for the renewal of the Muslim education system (Jadidism) in the closest possible way is connected with public and scientific activity of the Crimean Tatar great enlightener İsmail Gasprinskiy.
His works, included in the history of social thought of the late XIX – early XX century as a whole humanistic ideology of Turkism, are rather peculiar – they are the least similar to the systematized and reasoned compendium and are fragmentary and empirical, sometimes declarative in nature.
Key words: İsmail Gasprinskiy, Turkism, Kazakh, humanistic ideology.

Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы[1],
Әділбекова Ләззат Махайқызы.


Ы. Гаспыралы және қазақ түрікшілдігі

Аннотация. Түрікшілдік, түрік патриотизмі мәдени-либералды қозғалыс ретінде 60 Ресейде 1870 жылдары татар және түрік зиялылары арасында пайда болды. Түрікшілдік теориясының пайда болуы және қанатын кең жаюы қырымтатарларының ұлы перзенті, қоғам қайраткері Ысмайыл Гаспыралының240 мұсылмандық оқу-ағарту жүйесін жаңаша құру туралы (жадидшілдік) идеяларымен тығыз байланысты. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық ойдың жарқын мысалына айналған Ысмайыл Гаспыралының еңбектері түрік идеологиясының гуманистік сипатын көрсетеді. Оның идеялары жүйелі, дәлелді, дәлірек айтқанда үзік-үзік, эмпирикалы.
Түйінді сөздер: Ысмайыл Гаспыралы, түрікшілдік, қазақ, гуманистік.



[1] Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы, ф.ғ.к., қауым. проф. м.а. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті; Әділбекова Ләззат Махайқызы, Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры міндетін атқарушы (Алматы, Қазақстан). 
Действия:

0 коммент.:

Yorum Gönder