21 Haziran 2017 Çarşamba

Әділ сұлтанның эпикалық бейнесі және жыршылық дәстүр

Көпнұсқалы эпостың кейіпкері болудың арқасында кейінгі ұрпақтардың есінде мәңгілік қалған тарихи тұлғалардың бірі – Әділгерей сұлтан Дәулеткерейұлы. Оның жыр кейіпкеріне айналуына себеп болған оқиғаны тарихшы А.Исин: «Қырымлы ІІ Мұхаммед-Герей тұсында [1577 – 1584] ағасы – Әділ-Герей қалға қызметін атқарған [ханнан кейінгі мемлекеттегі басты тұлға]. 1583 жылы Осман сұлтаны – ІІІ Мұрадтың бұйрығымен парсы еліне қарсы жорыққа аттанған ол тұтқынға түсіп, жат елде шаһ әмірімен өлтіріледі. Әділ-Герей сұлтанның жорығына Дешті жауынгерлері, ноғайлар қатысқан да, бұл эпикалық сананың қалыптасуына әсер еткен»,– деп баяндаған [1, б. 70].
Әділгерейдің осы қайғылы тағдыры Қырым татарлары, ноғайлар, қазақтар арасында сақталған «Әділ сұлтан» жырында және қазақтың «Қарасай, Қази» жырында бейнеленген. «Әділ сұлтан» жыры ең алғаш рет академик В.В.Радлов 1896 жылы жариялаған «Образцы народной литературы северных тюркских племен, Ч. 7. Наречия Крымского полуострова» атты жинақ арқылы көпшілікке мәлім болды. Бұл туындының екінші бір нұсқасын 1895 жылы Кизляр қалалық училщесінің мұғалімі Г.Ананьев қара ноғайдың өзге тарихи аңыздарымен бірге жинақтап, 1900 жылы Тифлисте жарық көрген «Сборник материалов для описания местностей и племен Кавказа» атты кітапта жариялаған. Шығарманың ендігі бір нұсқасы 1910 жылы Орынборда баспа бетін көрген «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» атты Ғабдолла Мұфтақ құрастырған жинаққа енді. Жырдың тағы бір ноғайша нұсқасын Әбділхамит Жәнібеков 1924 жылы Қаңлы аулының тұрғыны Әмзе Мүтәліпұлынан жазып алған. Ал, соңғы уақытта жырдың екінші бір қазақша нұсқасы Санкт-Петербург мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасының Шығыс бөлімі қорындағы 493-папкада «Қырғыз өлеңдері" деген атаумен сақталған қолжазба кітапта сақталғаны анықталып, А.И.Исин дайындаған «Әділ сұлтан» эпикалық жыры» атты кітапта 2001 жылы жарияланды.
«Әділ сұлтан» жырының аталған нұсқаларын «Қарасай, Қази» жырының Әділдің ерліктерін суреттейтін нұсқаларымен салыстырып қарастыра отырып эпикалық туындының қалыптасу жолдарын аңғаруға болады. Бұндай салыстырулар барысында жалпы фольклор үлгілеріне мәтіннің ақпалылығы тән екеніне еріксіз назар аударамыз. Кезінде В.Радлов мотивтердің ақпалылығы, бөлшектердің үнемі өзгеріп отыратындығы, олардың варианттары пайда болуы біртіндеп жырдың мазмұнын да өзгертетіндігі, жалпыхалықтық дәстүр негізінде жаңа жеке жыршының рөлі эпос үлгілеріне ортақ заңдылықтар екенін анықтап, қырғыз жомоқшылары-ның өнері туралы: “Поет так вдохновенно . так как он не в состоянии спеть одно и то же два раза, не изменяя форму изложения”,– деген ғылыми тұжырым жасаған болатын [2, б. 1 – 10]. Бұл ой қорытындысының Әділ сұлтанның эпикалық бейнесіне де қатысы бар екенін біздің төмендегі талдауларымыз арқылы дәлелдеуге болады. Нұсқаларды қарастыру барысында жалпы фольклорға, оның ішінде эпосқа, тән тұтастану [циклизация] үдерісі Әділ сұлтанның бейнесін де халықтық мұраттарға [идеалға] сәйкестендіре сомдау үшін қызмет атқарғанын байқаймыз. Фольклордағы тұтастану құбылысының ерекшеліктерін әсіресе В.М. Жирмунскийдің жақсы ашып көрсеткені белгілі. «Ол кісі Шығыс және Батыс халықтарының эпосын [кейде аңыз бен ертегілерін де] мейлінше кең салыстырмалы түрде зерттеудің арқасында жалпы эпос жанрында сюжеттік, ғұмырнамалық [биографиялық] және батыр [әмірші] төңірегіне тұтастану бар екенін анықтап, оларды типологиялық тұрғыдан зерттеп, бұл құбылыстың қоғам мен фольклордың даму деңгейіне қарай әр кезеңде, яғни, әр қилы көрінетінін деледеген» [3, б. 11].
Ал, қазақ ғалымы С.А.Қасқабасов бұларға қоса фольклорлық туындыларда болатын тарихи және географиялық тұтастануға да тоқталған [Қасқабасов С.А. Тұтастану – фольклор поэтикасының заңдылығы // Қазақ фольклорының поэтикасы. Алматы, 2001. – б. 44-60.].
Жырдың Қырым татар нұсқасы он жастағы Әділ сұлтанға Ыстамбұлдағы сұлтаннан хат арқылы фермен келгенін, онда қол жинап, Қарасай, Қазиды қасына алып, Ажем [парсы елі – С.С.] шаһына қарсы аттану жөнінде бұйрық болғаны баяндалады.
Одан арғы жыр жолдарында Әділ сұлтанның фольклорлық туындыларда ғана болатындай жедел жетілуді бастан өткеріп, он жасында түрік сұлтаны жауапты жорықты басқаруға жұмсайтындай дәрежеге келгені суреттеледі. Бұл эпизод та эпос поэтикасына тән «ортақ жерлердің» бірі екенін эпосты зерттеушілер әлденеше рет атап көрсеткен. Мысалы, С. Қасқабасов: «Әдетте батырлық ертегі мен эпоста керемет жағдайда туған бала жылдам өсіп, өте күшті әрі ақылды болып шығады. Оның ерен қайраты мен даналығы ерте байқалады»,– деген пікірі [3, б. 30] Әділ сұлтан балалық шағының әр жылындағы сипаттарға да қатысты.
Келген хатты оқып, онда не жазылғанын анықтаудың соншалықты қиынға түскенін суреттеу Әділ сұлтанға жоғары билеуші тарапынан жүктелген міндеттің аса маңыздылығын ұқтырудың тәсілі екені анық.
Сексен мың әскермен Қырымнан аттанып шыққан Әділ сұлтан Кур суынан өтіп, аялдама жасаған сәттегі оқиғаны суреттеуде эпосқа тән бас кейіпкерді даралау тәсілі қолданылады. Әділ сұлтан тіл әкелуге жұмсаған Шырын Дәулет, Шыжуат Мәмбет, Ұзын айдар Кобук, Қарақожа Есені, Шалғырлы Қыблай, Мысфытаф палуан атты әйгілі батырлар бұл тапсырманы орындаудан бас тартып:
Бізден улу кіші бар,– деседі.
Әділ сұлтанның:
Сізден улу кім бар?– деген сұрағына олар:
Бізден улу, сұлтаным,
Орақ улу Қарашай бар,– деп жауап береді.
Шынында да Қарасай батыр барып, тіл алып келеді.
Алып келген ажем Әділ сұлтанға өз елін қырымдықтар жеңе алмайтынын айтады. Әділ сұлтан оның басын кесіп:
«Сен не дерсің, Карашай?»– деп сұрағанда, Қарасай жаудың қару-жарағы сай екенін және жолдың қараңғы, кілең тасты екенін айтып, Қырымға қарай кейін қайтқан дұрыс екенін білдіреді.
Оқиғаның одан ары қалай дамығанын көрсететін:
«Әділ сұлтан айтты:
«Қорқсаң, қошта қаласың,
Қорқмасаң, маға жолдаш боларсың.

Атланды атқа Әділ,
Қарашай әскерін тузду.
Әділдің алдында йуруп
Йолға кетті Карашай».– деген жыр жолдары қаһармандық эпостың қаһармандарына тән ешқандай қауіп-қатерден қорықпау, алған бетінен қайтпау Әділдің эпикалық образына да тән екенін аңғартады.
Қарасай Тебризден өтіп барып, жауды шауып, қарсыластардың үш ордасын қырады, үшінші ордасы қашып құтылады. Ажемнің бір он бес жасар қызы қолға түседі.
Қырымға қарай бет алған әскер Кур суына келгенде, Қарасай қолды арғы жағаға өткізгенде, Әділ сұлтан қыздың ұсынысы бойынша судан өтпестен, шатыр тігіп, қызбен екеуі оңаша қалады.
Кешке Қарасай дұшпаннның келе жатқанын байқап қалып, Әділ сұлтанның шатырының қасына шауып келіп: «Аман, тур, душман йетіпті! Атына мін! Қачайық!»– дегенде, қыз ұйқыдағы сұлтанды оятпай, өзі шығып: «Ал, шықтым!»,– дейді. Оны Әділ сұлтан деп білген Қарасай: «Тут ат қуйруғуна, султаным»,– деп, атының құйрығын ұстаған қызды ертіп, суға түсіп, арғы жағаға өткен соң ғана Әділ сұлтан дегені қыз екенін біліп, оны өлтіріп, арғы жағаға қайтадан өткенде, Әділ сұлтанды дұшпандар байлап алғанын көріп, ұрыс жүргізгенде, сегіз жерден жараланады. Сонан соң Әділ сұлтан: «Аман, Карашай, мен өзум еткемен. Менің үшүн сен йазық етме өзүңе. Менің қайып болған қақама хабар беріп айт! Сен гүнаң өзүң мойнуңа, мен келдім, сен өзүң қайт»,– дейді. Ханның бұйрығын екі етпеу әдебі Қарасайдың Әділ сұлтанды жауға қалдырып, өзі елге қайтуын ақтаудың бір тәсілі болып табылады.
Эпос поэтикасына тән типологиялық мотивтердің бірі – қаһарманның сәтсіздігіне әдетте әйелдердің айлакерлігі, батырға тән қатты ұйқы себеп болып табылатыны және жат жұрттықтардың ішінде батыр көмегін қабылдайтын адамның да әдетте қыз болып табылатыны. Жырдың алғашқы тармақтарынан ертедегі батырларға тән ерекшелігі бар екені суреттелген Әділдің қолға түсуінің мотивировкасы осылайша бейнеленеді.
Әділ сұлтанның одан арғы тағдыры: «Әділ султан бек дулбер кіші еді. Оңу ажем халқы бір қызман қапады. Ол онда қалды соң Карашай Қрымға қайтты әскермен барабар», – деп баяндалады.
Жыр Әділді анасының жоқтауымен тамамдалады. Осы жоқтау «Әділ сұлтан» жырының барлық нұсқаларында және «Қарасай, Қази» жырының бірқатар нұсқаларында кездесуі М.Әуезовтің эпос генезисі туралы айтқан пікірінің дұрыстығын байқатады. Ол қазақ батырлар жыры үлгілерін талдау барысында: «Эпостық дастандардың шығу тегі сөз болғанда, олар тұрмыс-салт жырларының негізінде туды деп айтуға кәміл болады.
Батыр жорыққа аттанғанда айтылатын «қоштасу» жыры, ол қалыңдық әкелгенде айтылатын үйлену салт жыры, ол өлгенде жанкүйерлері жылап-сықтап айтатын «жоқтау» жыры сол батыр жайындағы эпостық жырдың негізін құрамауы мүмкін емес. Мәселен, бір кезде болған Сайын деген батырдың жайына байланысты туған «қоштасу» жыры, ол өлгенде туған «естірту» жыры, әйелінің «жоқтау» жыры кейін бір ақынның өзекті желіге түсіруі арқасында кейін дастанның тұңғыш нұсқасын жасауы ықтимал»,– деп жазған еді [4, б. 236] .
Бұл нұсқадағы айрықша назар аударуды қажет ететін жайт – түрік сұлтанының хатында Әділ сұлтанға Қарасай мен Қазиды қосшылыққа алу тапсырылғанымен, одан ары қарай Қази туралы мүлде сөз болмайтыны. Бұл құбылысты Қази Әділдің соңғы жорығынан жеті жыл бұрын – 1576 жылы қаза тапқанымен түсіндіруге болады.
«Әділ сұлтан» жырының біз жоғарыда тоқталған, болған оқиғаға ең жақын жерде туған нұсқасы бас кейіпкерді анасының жоқтауын, оған қатысты оқиғаларды жыршының өзекті желіге түсіруінің нәтижесі болып табылады. Ал, жырдың Санкт-Петербургтен табылған қазақша қолжазба кітаптағы нұсқасы әлем халықтарының фольклорындағы тұрақты типологиялық сарын – түс көру мотивін қолданудан басталады. Әділдің анасы өзі көрген қорқынышты түсін енесіне айтып, оны жоруын өтінгенде, енесі оның түсін жақсыға жориды. Дегенмен, сол кезде екі кісі келіп, Әділдің жау қолына түсіп қалғанын хабарлайды. Одан ары қарай Әділдің анасының жоқтауына кезек беріледі. Алдыңғы қарастырылған нұсқада жыршының атынан айтылған Әділдің он жасына дейінгі жедел өсіп-жетілуін сипаттау бұл нұсқада біршама өзгерістермен сұлтанды жоқтаудың бас бөлігін құрап тұр.
Г.Ананьев жазып алып, жариялаған нұсқада Әділ сұлтанның бала күнінде таққа отырғанын, ол хандық құрған кезде Қырымның белгілі бір дәрежеде Түркияға тәуелді болғанын, түрік сұлтаны Қырымды толық иемдену үшін Әділді тақтан түсіргісі және өлтіргісі келгенін, осы мақсатына жетуді көздеп оған фермен жіберіп, онда Әділ ханға оның ата-анасын өлтірген парсыларға шабуыл жасап, әкесінің қанын жууды міндет етіп қойғаны баяндалады.
Жырдың бұл эпизодында көптеген анахронизмдер орын алған. Ең алдымен, Әділдің хан тағына отырмағанын, қалға лауазымында болғанын ескертуге тиіспіз. Оның үстіне түрік сұлтаны мен оның ықпалында болған Қырым ханының арақатынасы өте жақсы болғаны, олардың арасында бірін-бірі өлтіретіндей жағдай туа қоймағаны тарихтан белгілі. Әділдің ата-анасының парсылардың қолынан қаза тапқаны да шындыққа жатпайды.
Әскер жинап, қасына мырзаларды, Қарасайды алып, жорыққа шыққан Әділ сұлтан Сүлеймен, Қоңырат мырзаларды парсылардың әскери ахуалын біліп келуге жұмсағанда, олар бұл тапсырманы орындаудан бас тартады. Бұл ұсыныс Қарасайға жасалғанда, ол тапсырманы жақсы орындап келеді, бірақ дұшпанның қамалы берік, қару жарағы сай, ауа райының өте ыстық, судың тапшы екенін айтып, кейін қайту жөнінде ұсыныс жасайды. Хан батыр Орақтың ұлының бұндай қорқақтығына таңданыс білдіргенде, Қарасай ханның пайдасын көздеп отырғанын, егер хан еркі мен оның алдындағы парыз талап етсе, ол үшін өлім деген түкке тұрмайтынын айтады. Осылайша біз Қарасайдың өз ұсынысының қорқақтыққа жатпайтынын дәлелдеуге талпынуының алғашқы көрінісіне куә боламыз.
Әділ сұлтан парсыларға шабуыл жасап, дұшпанын қашуға мәжбүр етеді. Жауды қуу барысында Сүлеймен мен Қоңырат қаза табады. Соңғы көрініс бұл шығармада эпос поэтикасына тән көркемдік қиял тарихи шындықтың ізін толық жасырып үлгермегенін аңдатады. Өйткені классикалық қаһармандық эпос дәрежесіне көтерілген жырда жағымды кейіпкерлердің қаза табуын суреттеу мүмкіндігі жоққа жақын. Бұндай қайғылы жағдайды сөз етуге батырлық дастанды айтушылар баршаға белгілі шындықты бұрмалауға ешқандай мүмкіндік қалмаған жағдайда ғана барады. Біз қарастырып отырған жырдағы Әділдің өлімі – осындай айдан да анық ақиқат.
Әскерімен жаудың соңына түскен Әділ хан өткел бермес батпаққа тап болып, бірнеше мырзаларымен соған батып кетеді. Қарасай ханды ұзақ уақыт іздеп, оны шақырса да, өр көкірек Әділ оған жауап бермейді, оны Қарасай құтқарса, сүйегіне таңба түсетінін ойлап, батпақтың ішінде қалып, өлгенді артық көреді. Қарасай әскердің қалғанын бастап елге оралады.
Дұшпандары зынданға тастаған Әділ сұлтан өзінің сұңқармен аңға шығатын кезі келмеске кеткеніне торығып, Қарасайды еске алады, аталған батыр ол үшін парсылардан кек алса, қуанышты болатынын айтады.
Бұл нұсқада да Әділдің анасының қорқынышты түсі суреттеледі. Бір ерекшелігі бұл нұсқада ханым түсін барша халыққа баяндайды. 4-5 күннен кейін хан әскері оралып, Әділдің жағдайы белгілі болғанда, ханым жоқтау айтып, жоқтауының соңында баласын жауға қалдырып келген Қарасай мен мырзаларды кіналайды. Осы тұста ханымның есімі Данобике екені айтылады.
Бұл нұсқа парсылардың Әділді көздерін ойып, қол-аяқтарын кесіп азаптап өлтіргені туралы хабарды мәлімдеумен тамамдалады.
Жырдың Ә.Жәнібеков жазып алған ноғайша нұсқасында өзге нұсқалардағы Әділдің он жасқа дейінгі жедел дамып жетілуін бейнелеуге арналған жыр тармақтарын бас кейіпкердің он бірден жиырма жасқа дейінгі аралықта бастан кешкен жағдайы бейнеленген шумақ ретінде қолдану арқылы басталады.
Одан ары жиырма жасқа келген Әділге Түркияның билеушісінен хат келгені баяндалады. Өзге нұсқалардан бір айырмашылығы – бұл нұсқада хатпен бірге шұбар ат пен екі сұлу қыздың жіберілуі.
Бұл нұсқада да келген хаттың мазмұнын білу кең құлашты түрде суреттеледі. Ең ақырында зорға дегенде оған қабілетті адам табылады. Қырым татарлары нұсқасында ол кісінің есімі Абыл Қасым болса, бұл нұсқада ол Абулгазы Шелеби деп аталады.
Түрік патшасы өзге дайындықтармен қоса:
«Исун улы Сулейменді
Әскеріне басшы етсін,
Орақтың ұлы Қарасайды
Әскеріне қосшы етсін»,– деп жазғаны белгілі болады.
Патшаның айтқанының бәрін істеп болып, жорыққа шығып, парсы еліне жақындап келген Әділ әскерінің басшысы Сүлейменге:
Қызылбас деген дұшпанның
Айланып йолын бір қараш!– дегенде, ол:
– Барар едім, батпайман,
Тақсырлымын,– деп жауап береді.
Содан кейін осы тапсырма Қарасайға берілгенде, ол дұшпанды барлап келіп, қызылбастың жерінің айналасы алты айлық, төңірегі төрт айлық байтақ, оған баратын жол қараңғы, кілең тас екенін, қаласының тесігінен жылан да өте алмайтынын, қызылбастың әскері кілең құрышпен қаруланғанын, кілең арғымақ мінгенін айтып, Қырымға қайту жөнінде ұсыныс жасайды. Бірақ Әділ сұлтан қорқақтардың кемшілігін бетіне басып, өзі алған бетімен ілгері жүріп, қызылбастарды есік-есік жол етіп шауып, жеңіске жетеді, Шаарбек аруды олжа етіп алып, кері қайтады. Жолда келе жатып Әділ біраз тынығып алмақ болып ұйықтап кеткенде, сол сәтті пайдаланған қызылбастар оны тұтқын етеді. Ал, Қарасай әлгі ұсынысынан кейін жырда мүлдем көрінбей кетеді.
Әділ сұлтанның анасы, қорқынышты түс көріп, балшыға барып, түсін баяндайды. Оның түсінің баянында:
«Әділім мінген ақ шал ат
Кісі астында көрінді.
Ер мырады екі аяқ
Созылыңқы көрінді.
Ер медеуі екі қол
Бүгүлүңкі көрінді.
Ер шырағы екі көз
Йымылыңқы көрінді.
Биеден туған құлынның
Құйрығы шонтық көрінді»,– деген секілді баласының өлгенін аңғартатындай жыр тармақтары көп кездеседі.
Бірақ балшы ол көріністің бәрін жақсылықтың белгісіне жориды.
Әділдің анасы үйіне қайтып келгенде, түсінде көрген қорқынышты көріністің бәрі шындыққа сәйкес келетінін білдіретін хабар алады. Дұшпандары Әділдің екі қолын шынтағынан кесіп, екі көзін ойып азаптап өлтіргені белгілі болады.
Жалпы фольклордың поэтикасына сәйкес кейіпкерлердің түсі шын өмірде айны-қатесіз қайталатыны баршаға аян. Сол дәстүр осы жырда да өзгеріссіз қайталанады.
Жырдың 1910 жылғы «Шайыр» жинағындағы нұсқасы Әділдің он жасына дейін жедел өсіп-жетілуін сипаттайтын жыр шумағынан басталады. Одан кейін суреттелген хат келу оқиғасы, онда не жазылғанын білудің қиындығы Қырым татарлары нұсқасындағыға ұқсас суреттеледі. Айырмасы – бұл нұсқада хатты оқыған кісі Хиуа, Бұқар елінен келген, Ыстамбулда оқыған Әбілқайыр деген жас жігіт болып шығады. Түрік сұлтанның тапсырмасында қосшылыққа алатын батырлардың есімдері кездеспейді, алатын әскердің саны қырық мың болуы, орыстардан кеме алу нақты жазылады.
Жолда Әділ сұлтан Үйсіннің ер Сүлейменін, Қоңыраттың Ұзын Айдарын, Мансұр ұлы Ғафуды тіл әкелуге жұмасғанда, олар:
«Тақсырлымын»,– деп, шындарын айтады.
Бұл тапсырма Қарасайға берілгенде, ол Шалғасқасын мініп, барлауға барып келеді. Қызылбастың жерін аралап келген соң ол Әділге дұшпанға барар жолда өткел бермес Күрі өзені бар екенін, қызылбастың отыз екі мың қолы барлығын айтып, жаудың бекінісін:
«Ау, мен бір қала көрдім,
Айналасына арғымақ атлар шауып жеткісіз,
Астынан күзен, қарсақ інін қазып өткісіз,
Ауласының басына
Балапан торғай шырлап ұшып қонғысыз.
Темір қапы Дербентті
Тепкіледі, бекітті.
Барған сайын қараңғы,
Басқан сайын қара тас,
Тасы болат соқырыш,
Батырлар ат ойнатар жер емес»,– деп әсірелей суреттеп, барша батырларды Қырымға қайтуға шақырады.
Осыны естіген Әділдің қандай күйге түскені:
«Кіп-кішкентай жас сұлтан
Бұған қатуланды, қарланды,
Қатты жаман шамданды,
Буырқанды, бусанды,
Мұздай темір құрсанды»,– деп суреттеледі.
Оның Қарасайдың намысына тиіп айтқан сөздері өзге нұсқадағыларға ұқсайды. Оған жауап ретінде Қарасайдың айтқан сөздерінде:
«Мен атам Орақтан туғалы,
Беліме садақ буғалы,
Қашқан жауды қуғалы,
Қайсыңнан кем алғанмын?
Қайсыңа да олжа салғанмын,
Ең қорқағың мен болсам,
Мен өлейін, қалайын.
Шалғасқаны алып едім
Жүйрік деген даңменен,
Тоғыз қара нарменен,
Сегіз сусар тонменен,
Сыйы біткен қызбенен»,– тармақтар бар.
Осы келтірілген үзінділердің өзі-ақ бұл нұсқаны жырлаушының өзі өмір сүрген кезеңде өте қатты дамыған қазақ батырлар жыры дәстүрін бойына мықтап сіңіргенін, ең бастысы – «Қарасай, Қази» жырының нұсқаларымен жақсы таныс екенін сездіреді.

Оны Қырым татарлары нұсқасында Тебриз деп аталған қызылбастың қаласының Темір қапы Дербентке айналып кетуінен де, Қарасайдың мінген тұлпарын қыз беріп сатып алғанынан да, оның барлауға барғанда көрген көрінісі «Қарасай, Қази» жырындағы батырлардың тіл ала барып куә болған суретіне ұқсайтынынан да байқаймыз.
«Қарасай, Қази» жырында батырлардың жорық жасап баратын жерлері Темір қақпалы Дербент, Қиғаш тауы болып табылады. Оның алғашқысы Кавказ-Иран шегарасындағы орта ғасырлық бекіністі қала екені белгілі. Ал, Қиғаш – Астрахан облысының территориясындағы тау. Бұл екеуін бір жорық барысында басып өту қиын. Дегенмен, бұлар – Кіші Ноғай ордасы жауынгерлері тарихтың әр кезеңдерінде аяқ басқан жерлері. Қызылбастардың жеріне жасалған жорықтың көріністерін өзіміз бақылап отырсақ, 1569, 1571 жылдары түрік сұлтанының, Қырым хандығының, Ноғай ордаларының орыс патшалығына қарсы соғыстарының басты мақсаттарының бірі Астрахан хандығын түркі халықтарына қайтарып алу болатын. Сол соғыстарда Кіші Ноғай ордасының әскерлерін Қази басқарған болатын және Қырым ханы Дәулеткерей өзінің ханзадаларымен бірге қатысқан еді. Демек, «Қарасай, Қази» жырында жоғарыда сөз болған екі топонимикалық нысанның қатар аталуын батырлық эпостағы географиялық, тарихи тұтастану құбылысының мысалдарының бірі деп есептеуге болады.
«Сыйы біткен қызбенен» деген жыр тармағы «Қарасай, Қази» жырының Мұрат, Қашаған ақындар, жыршылар – Құдайберген Шоқаев, Мүстежеп Ахметов, Мұрын жырау жырлаған нұсқаларында жауға аттанатын ат таба алмаған Қарасайдың Ер Көкше шалдың тұлпарын алу үшін өзінің сұлу қарындасы – Қибатты бермек болғанын еріксіз еске түсіреді.
«Әділ сұлтан» жырының «Шайыр» жинағындағы нұсқасында Қарасайдың әскерге бас болып, қызылбасқа барып тигені, сол соғыста Үйсін Сүлеймен, Тама Сүлеймен, Қоңырат Ұзын Айдар батырлардың қаза тапқаны, атқан жерін есік-есік жол етіп, дұшпанға кереметтей қырғын салып жүрген Әділдің садағының адырнасы сынып, соның себебінен жаудың қолына түскені, оны іздеп, атын атап шақырған Қарасай көп әскердің ішінен сұлтанын таба алмай, жаудың ішіне үш рет кіргенде, өз әскерінің үш адамын алып шыққаны, бірақ Әділдің дұшпан қолында қалып қойғаны суреттелген.
Әділ сұлтанның анасы – Байбикеш ханым қайтқан әскерді алыстан көріп, қара жамылғылар көзіне түсіп, бір сұмдықтың болғанын біліп, күдікті сезімін жырға қосып айтады. Сөйтіп тұрғанда қасына келген әскердің ішінде Қарасайдың қасында тұрған жас жігіт ханымға шешен тілмен Әділ сұлтан тап болған жағдайды ұқтырады. Жыр Байбикеш ханымның өзге нұсқалардағыдан ұзағырақ жоқтауымен аяқталады.
Әділдің ерліктері «Қарасай, Қази» жырының бірқатар нұсқаларында да суреттеледі. “Әділ сұлтан” атты туындылардың “Қарасай, Қази” жырының нұсқаларынан басты-басты мынадай айырмашылықтары бар. Біріншіден, туындылардың аттарынан да байқалып тұрғандай “Әділ сұлтан” атты шығармалардың бас кейіпкері – Әділ сұлтан, ал, “Қарасай, Қази” жырының бас қаһармандары – Орақ батырдың екі ұлы болып табылады. “Әділ сұлтан” жырының нұсқаларында Қарасайдың ерлігі дәріптеліп, Қази мүлде көрінбегенімен, “Қарасай, Қази” жырында Қарасаймен қатар Қазидың да ерлігі әсірелене жырланады, тіпті кейбір нұсқаларда аталған ағайынды батырлардың кішісі ерлігінің ағасынан да асып түсетінін айқын танытады. Үшіншіден, “Қарасай, Қази” жырында Әділдің балалық, бозбалалық сәтіндегі сипаттары мүлде сөз болмайды, керісінше Қарасай мен Қазидың жырға арқау болған оқиғаларға бала кезінде араласқаны баяндалады. Оның үстіне “Қарасай, Қази” жырының кейбір нұсқаларында Әділдің есімі де аталмайды, оған қатысты оқиғалар да баяндалмайды.
«Қарасай, Қази» жырының Қашаған ақын жырлаған нұсқасының басталуы «Әділ сұлтан» жырындағыға ұқсас. Әділ, Қарасай және өзге батырлардың жорыққа аттануына Қондыгердің хаты себепші болғаны “Әділ сұлтан” жырының барлық дерлік нұсқаларында айтылғанымен, “Қарасай, Қази” жырының тек осы нұсқасында сөз етіледі. Зерттеушілер қазақтардың “Қондыгер” немесе “Көндігер” жұртына Селжүк сұлтандарына еріп, Кіші Азияға қоныс аударған қандастарымызды жатқызатынын анықтаған. Демек, Қашаған жырлаған нұсқада “Қондыгер” деген сөз “он екі баулы Қазақ, Ноғайды басқаратын” ханның атауы ретінде қолданылуының шындыққа сәйкес келетін де, келмейтін де жақтары бар. Шындыққа сәйкес келетіні: Қарасай, Қазилар және оларға үкімін жүргізе алатын Қырым ханының Түркия сұлтанының ықпалында болғаны, Әділгерей сұлтанның сол Түрік билеушісінің бұйрығын орындау барысында бас бостандығынан айрылғаны – шындық. Дегенмен, Ноғайлардың барлығы бірдей Түрік сұлтанының қарамағында болмағаны, мысалы, Ұлы Ноғай Ордасы мен Түркия мемлекетінің арасында тұрақты саяси байланыс та болмағаны белгілі. Дереккөздері Қазақ хандығы мен Түркия мемлекетінің арасында тығыз қарым-қатынас болмағанын аңдатады. Демек, Түркия мемлекетіне тәуелді болмаған елде өмір сүрген қазақ жыршыларының көпшілігі жырдың бас қаһарманының өзге бір ықпалды билеушінің тапсырмасын орындаушы ретінде көрінуі ғасырлар бойы қалыптасқан жыршылық дәстүрдің ұстанымдарына қайшы келетінін, яғни, халық батырын дәріптеуге нұсқан келтіретінін жіті аңғара білген. Ал, Қашағанның өзі өмір сүрген өлкеде айтылып, 1910 жылы баспа бетін де көрген “Әділ сұлтан” жырында баяндалатын шындықтан ауытқуды жөн деп есептемегені сезіледі.
Бұл нұсқаның өзге нұсқалардан өзгешеліктерінің бірі – жауға аттанған Қырымның қырық батырының хандыққа таласуы. Бұл да ертегілік сарынның әсерімен жырға енген анахронизм болып табылады. Шындығына келгенде, Қарасай мен Қази тарих аренасында болған мезгілде Қырым хандығының тағында 1466 жылы әуелі сол мемлекетті құрған Меңлігерей ханның ұрпақтары мұрагерлік ретпен кезек-кезегімен билік құрып, өзге әулеттен шыққандардың билік басына келуіне, әсіресе төре тұқымынан шықпаған батырлардың таққа таласуына ешқандай жол бермей отырған болатын. Өзге нұсқалардың көпшілігінде Қарасай, Қази және өзге батырлардың Әділдің хандығын мойындап, оның қандай тапсырмасы болса да, бұлжытпай орындап отыруы, Әділдің өмірінің соңғы жылдарында өз әкесі әрі Қырымның ханы – Дәулеткерейдің қалғасы, яғни, орынбасары лауазымын иеленгенінің, аталмыш хандықтағы екінші тұлға болғанының әсері екені анық.
Ал, Қашаған жырау нұсқасында хандыққа таласушы батырлардың ақырында Қарасайды хан сайлауы да өткен заманның оқиғаларының егжей-тегжейлері кейінгі дәуір адамдарының барлығының бірдей санасында толық сақтала бермегенін байқатады. Едіге де, оның ұрпақтары да хандық лауазымды иелене алмағандығы, Шыңғыстың ұрпағы болмағандықтан, өз үстемдіктерін хандардың беглербегі, яғни, әмірлердің әмірі қызметін атқару арқылы жүргізуді көздегені – тарихи шындық. Оның үстіне Қарасай Ноғай Ордасындағы ең жоғарғы лауазым – би атағын да иеленбеген кісі. Осындай шындықтың көрінісі «Қарасай, Қази» жыры нұсқаларының басым көпшілігінде хан ретінде Әділдің ғана бой көрсетінінен, ал, Қарасай, Қази жырда ерлігі жаннан асқан батырлар ретінде ғана дәріптелетінінен аңғарылады.
Дегенмен, хандық лауазымды биліктің, мәртебенің ең биік шыңы ретінде ұғынған халық әдетте бас қаһарманның барша мұратына жетуімен тамамдалып жататын фольклорлық туындыларында, оның ішінде классикалық қаһармандық эпостың көптеген үлгілерінде де, бас кейіпкердің жеңісінің ең зор нәтижесі оның өз еліне хан болғаны екенін атап өтіп отырады. «Қарасай, Қази» жырының көптеген нұсқаларында Мамайдың хан ретінде таныстырылуы, қарастырылып отырған нұсқада осындай дәрежеге Қарасайдың қол жеткізуі – осындай дәстүрдің ізі. Бірақ «Қырымның қырық батыры» жырлар циклының көптеген үлгілерін жатқа білген Қашаған әдетте хандық Әділге тиесілі екенін де ескермей тұра алмайды. Соның айғағы – бұл нұсқада бір батырдың: «Қарасайдың айтуы бойынша мына жолдан өткенде әскер екіге бөлінетін болып тұр, сондықтан екінші әскерге хан етіп Бүркіт хан ұлы Әділді сайлайық»,– деген ұсынысы өзгелерден қолдау табуы. Осы тұста нұсқаларда ойдан шығарылған кісі, жер-су аттары да жиі кездесіп тұратынын, әлгінде сөз болған Бүркіт хан атты кейіпкердің тарихи прототипін табу тіпті мүмкін еместігін де ескерте кету артықтық етпес.
Әділдің бұйрығымен жаудың мекен еткен жерін барлап келген батырлардың аттары да нұсқалардың әрқайсысында азды-көпті өзгеріске түсіп отыратыны байқалады. Тама мен Тарғынның осындай қызметті атқаруы тек осы нұсқада ғана баяндалады.
Бұл нұсқада адамзат баласының көне замандардан осы уақыттарға дейінгі наным-сенімдерінің нәтижесі болып табылатын түс көру мотивінің атқаратын қызметіне баса мән беріледі. Сол себепке байланысты өзге нұсқаларда Әділдің хабарын оның жанашырларына білгізуші болып табылатын қарлығаш, қарақұс кейіпінде көрінетін пір бұл нұсқада ұшыраспайды. Бас кейіпкерлердің бірі жау тұтқынынан босағандығын нанымды, дәлелді етіп көрсету үшін қолданылған мотивировка қызметін атқаратын ондай хабаршының да, кейбір нұсқаларда Қарасай мен Қазиға жөн сілтейтін Ноғайлы халқынан шыққан әйелдің де, өз ұлдарына көрден шығып жәрдем беретін Орақтың аруағының да міндетін бас кейіпкерлердің ерекше қасиетке ие болып табылатын анасы атқарады. Бұлар көне дәуірдегі түсініктердің кейінгі замандардағы жаңаша пайымдала бастауынан туын-даған өзгерістер санатына жатады.
Құдайберген Шоқаев жырлаған нұсқасында Әділ Шынтемір ханның баласы ретінде көрінеді. Бұл жырдың негізгі оқиғасы басталатын тұс: «Әлқисса, бұл кезде Шынтемір хан өліп, баласы – Әділ он бір жасында әкесінің орнына хан болып сайланған еді. Әділ Қарасай мен Қазидың жан қиярлық досы екен. Бір күні Әділ ой ойлапты: «Осы менің достарымның аталары батыр болған. Солардың ала алмаған жаулары бар ма екен?»,– деген ойға келіп және «Қарасай, Қази достарымның батырлығы солардай ма екен?»,– деп, достарын шақырып алып, сұраған жері екен»,– деген үзіндіден басталады.
Әділдің сұрағына Орақ пен Мамайдың шешесі жауап беріп, Орақтың балаларына айтып кеткен үш өсиетін айтады. Сонда Әділ қырық мың әскер жинап, Қарасай мен Қазиды қасына ертіп, Орақтың үшінші арманын орындау, яғни, Қиғаш тауын жайлаған қызылбастарды алу үшін жорыққа аттанады. Әділ ханның анасы – Бәйбіше ханым ұлы жорыққа аттанған соң қорқынышты түс көріп, Әділдің қарындасы – Ілияға түсінде Алтын Сарай қаласына Алатаудың құлағанын, үйге тіреу болған сырығы ортасынан қырқылғанын, асау ұстайтын құрығы ортасынан үзілгенін баяндап, оның жоруын сұрағанда, қызы да бір қатерден қауіптеніп, шешесін ертіп, ағасын қуып жетіп, қалуын өтінгенмен, Әділ көпшіліктен қалып, артқа қайтуға арланып, көнбейді. Оның үстіне Қарасай мен Қази да Әділдің қалуынан қауіп етіп, Орақтап айқай салады. Орақтаған дауысқа сүйегі қызған Әділ де қалың қолға ілесіп бара жатқанда, артынан анасы келіп:
«Мендей жасы жеткен анаң бар.
Кімге тастап кетесің?»– дегенде, Әділ:
«Онан-дағы, анам-ай,
Батаңды берсейші маған-ай!»,– дейді.
Сонда анасы батасын беріп, ұлын Аллаға, періштелерге, піріне тапсырып, ұлына:
«Қысылған күні қарағым,
Осы пірді жадыңа ал.
Жадыңа алып, сыйынсаң,
Жар болар, балам, өзіңе.
Ұмытып қалма, Әділ-ау,
Құлақ ас айтқан сөзіме.
Шын қысылсаң, қарағым,
Адам болып, жақындап,
Көрінер сенің көзіңе»,– деп ескертеді.
Бұл жерде кейінгі дәуірлерде түркі халықтары фольклорында елеулі орын алған ислам дінінің желеп-жебеушілеріне деген сенімнің куәсі болып отырмыз. Оқиғалардың даму барысында Әділдің шешесі айтқан сөздерді есіне алып, пірінен медет тілеуі, фольклорлық туындыларда шындыққа айналмай қоймайтын түс арқылы берілген аянның жүзеге аспауына алып келеді.
Жыршы Әділдің әскерінің ішінде Айсаның ұлы Ахмет, Әмет, Қоңырат Ұзын Айдар, Сүлеймен, Қоянақ секілді айтулы бар екенін атап өтіп, соның ішінде әуелі Қоянақ пен Айса ұлы Серік батырларды жолды байқап келуге жұмсайды. Олар қарақұс басына ұшып шыға алмайтын биік таудың беткейіндегі бұрғылап тескен тесіктің тастан құйған есігін көріп, тартқылап аша алмай, кейін қайтып келеді. Бұл есікті Ахмет батыр да аша алмайды. Содан кейін аттанған Қарасайдың ғана әлгі есікті ашуға шамасы жеткенімен, арғы жағындағы қиын жолдың аяғына жете алмайды. Сондықтан ол Әділге кейін қайту жөнінде ұсыныс жасайды. Содан кейін аттанған Қазидың ғана жолдың бәрін түгел барлауға мүмкіндігі болады. Жырды оқи отырып Қарасайдың қолынан келмеген істі Қазидың атқара алуына алдыңғысының анасының батасын алмай аттануы себеп болғанын, бұл қағиданы ұмытпаған Қазидың пірінің көмегімен мұратына жеткенін аңғарамыз.
Бұл жерде байқалатын бір ерекшелік: қаһармандық эпос дәстүріне сәйкес жағымды кейіпкерлердің ешқайсысы қорқақ ретінде көрінбейді, дегенмен, олардың ерліктерін салыстыра суреттеу барысында жырдың бас кейіпкерлері айрықша дәріптеледі.
Қайтып келіп, ханға мән-жайды айтқанда, Әділ оның әкесі – Орақтан төмен екенін айтып, ол ойын дәлелдеу үшін:
«Баратын жерін білген соң,
Дұшпанның елін көрген соң,
Талқан қылып қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Мінгестіріп бір қызды
Әкеліп неге бермедің?
Қанша батыр болсаң да,
Қазиым, саған сенбедім»,– деп, бас кейіпкердің намысына тиеді.
Соған шамданған Қази он төрт мың әскерді бөліп алып, аттанады. Он үш мың әскерді бұдан бұрын Әділ шамына тиген Ахмет пен бес інісі бөліп алады. Он үш мың әскерді Әділ бөліп алып, олар қызылбасқа үш бөліініп аттанады. Әуелі қалаға жеткен Қарасай мен Қазидың әскері жауды қашырып, қалаға енеді де, Ахмет батыр ішке ене алмай тыста қалады. Дұшпандары Қарасай, Қазидың қайтар жолын бітеп тастайды.
Соңғы болып ұрысқа араласқан Әділдің қасындағы серігі – Сүлеймен қаза тауып, жалғыз өзі соғысып жүрген ханның жебесі сынған кезінде ақ шалмалы пірі қасына келгенде, Әділ одан көмек сұрамай, сол себепті сәтсіздікке ұшырап, орға жығылып, сонда қалып қояды.
Бұл кезде Қазбан деген қаланы алып, Дербентті ертеңіне Әділмен бірге алмақшы болған Қарасай, Қази Әділдің бір қиындыққа тап болғанын сезіп, іздестіргенмен, таба алмайды. Кейін олар жауды жеңіп, елге қайтады.
Дұшпандары тұтқын етіп, құлдыққа жегілген Әділдің есіне шешесінің айтқандары қиналғанда ғана түсіп, Құдай мен піріне жалынғанда, пірі көмекке келеді. Оның Әділге келе жатқан түрі:
«Ақ шалмалы пірадар
Әділ ханның пірі еді.
«Адам болсам, білер»,– деп,
Бір қарақұс болды да,
Пірі ұшып жөнелді»,– деп суреттелген.
Пірдің бұндай антропоморфтық сипаты бертінгі кездегі фольклорлық туындыларда тотемдік сарындар мен исламдық мотивтер тығыз астасып, бұлардың екеуі де мұсылман желеп-жебеушілері ретінде ұғыныла бастағанын аңдатады. Сондай кейіпте ұшып келген қарақұстың өзін қолдау үшін келген жан иесі екенін сезген Әділ қолы байлаулы болса да, қаламды тісімен тістеп отырып, жақындарына хат жазып, өзінің хал жағдайын, қайда екенін мәлімдейді.
Бұны байқап қалған қызылбастар Әділді өлтірмек болғанда, оған оқ өтпейді, қылыш кеспейді, отқа салса, күймейді, суға салса, батпайды. Амалы таусылған жаулары Әділді зынданға тастайды. Қарақұс алып келген хатты оқыған Әділдің шешесі мен қарындасы, білгендерін Қарасай мен Қазиға айтып, олар досын қайтадан іздеп барғанымен, зынданның нақты қай жерде екенін білмей тұрғанда, олардың көздеріне бір әйел түседі. Ол дыбыстап шақырғанда, қасына келген екі батыр оның өздерінің әжесі – Қараүлек екенін біледі. Ол керемет қасиетінің күшімен немерелеріне көмектесу үшін келген екен. Осылайша жатқан жерін біліп, Әділді босатқан, сонымен бас қосқан үш батыр қызылбастарды түпкілікті жеңеді. Қанша қиындық көрсе де, бас кейіпкерлердің ақырында барша мұратына жетуі осы туындыда да қайталанады.
«Қарасай, Қази» жырының Мүстежеп Ахметов жырлаған нұсқасында да Әділ ханның Қарасай, Қазиға әкелері – Орақ батырдың орындалмай кеткен үш арманының ең соңғысын, яғни, Қиғаш тауының арғы бетіндегі он екі ханы бар қызылбастың елін алуды жүзеге асыруына көмектеседі. Әділдің бұл жорыққа аттануына нендей жай түрткі болғанын жыршы: «Қырымның ханы он бір жасар Әділ бала болса, жалғыз өзі батыр еді. Қарасай, Қазидың «Құдай» дескен досы еді. «Қызылбасқа барамыз»,– деп бұйрық сұрайды. Сол кезде Түріктің патшасы Қырымның бұдан бұрынғы ханы Махамбет деген кісі еді. Баласы жоқ еді. Кейін әйелі босанып, бір ұл, бір қыз болады. Баланың атын Әділ, қызының атын Ілия қояды. Сонан соң Махамбет дүниеден өтпес бұрын: «Балам жалғыз еді, сүйенері жоқ. Жалғыз баламды Қарасай, Қазиға дос қыламын. Атадан келе жатқан мықты ер еді. Басына қиын іс түссе, жәрдем берер»,– деп еді. Сөйтіп, өзі дүниеден өтіп кетеді. Әділ он бір жасқа жеткен еді. Атасының тағына мініп, хан болады. Бұл заманда Ноғай патшасы отыз ұлдың бастығы – Ысмайыл деген ер еді. Үстінен қарайтын Әділді жамандап хат жазады. «Әділ деген Қырымның патшасы мықты болса, Қарғасаның Қызылбас деген жауын бағындырып алсын. Менің әлім келмейді»,– деген патшасынан хат келеді. Міне, Әділдің қызылбастың жауына қырық мың әскермен аттанғанының себебі осыдан болады»,– деп түсіндіреді.
Бұл жерде Әділдің ел билеушісінің перзентсіздік зарын тартып жүргенде көрген жалғыз ұлы ретінде бейнеленуі – эпостың сюжеттік инвариантының тұрақты бөлігі болып табылатын типологиялық өмірбаяндық мотивтің қайталана қолданылуының нәтижесі. Әйтпесе Әділдің әкесі – Дәулеткерейдің ұлдары бірнешеу болған, олардың есімдері тарихи деректер арқылы белгілі. 1583 жылы қалға лауазымын атқарып жүрген Әділ жауға аттанған тұста Түркияны және Қырым хандығын кімдер басқарғанына жоғарыда тоқталдық. Ысмайылдың Ноғайдың патшасы емес, биі болғаны белгілі. Оның «үстінен қарайтын Түрік патшасы» деген сөз анық анахронизм болып табылады. Өйткені Ысмайылдың Түрік елінің бітіспес қарсыласы орыс патшалығының мүддесіне қызмет ету арқылы билігін нығайтқан, сол үшін бұрынғы Жошы, Шағатай ұлысын мекендеген түркі халықтарының санасында, опасыз, жауыз, сатқын, зұлым, алааяқ ретінде мәңгілік жағымсыз кейіпкер кейпінде сақталғаны мәлім. Оның үстіне Түркия мен Ысмайыл биі болған Үлкен Ноғай ордасы арасында ешқашан тұрақты дипломатиялық, достық қатынас орнамаған. Сондықтан Ысмайылдың жоғарыдағыдай мазмұндағы хатты түрік сұлтанына жолдауы, оған ол жақта құлақ асатын адамның табылуы шындыққа сәйкес келмейді.
Аталған үш батырға ерген әскердің ішіндегі айтулы батырлардың есімдері Қ.Шоқаев нұсқасында аталғандармен бірдей. Оқиғаның одан арғы дамуындағы Әділдің шешесінің түс көруі, Ілияның оны жоруы, екеуінің Әділді қуып жеткенмен, оны кері қайтара алмағандығы осының алдындағы нұсқадағыға ұқсас суреттелген. Салыстырылып отырған екі нұсқада Қазбан шаһарын алуды суреттегенге дейін елеулі өзгешелік жоқ. Тек бұл тұста Ахметтің сәтсіздігі туралы сөз болмайды. Әділ орға құлағанға дейінгі оқиғаларда да айырмашылық жоқ. Тек оны іздеген ағайынды екі батыр Қарасай жаралы болған соң ғана елдеріне қайтады. Одан арғы оқиғалардың дамуы бірдей болып келгенімен, Әділдің зынданын көрсететін әйелдің бейнесінде өзгеріс байқалады. Ол оқиға: «Әлқисса, Қарасай мен Қази досын іздеп таба алмай тұрғанда, өзінің анасы пір болып ұшып келіп, Әділдің жатқан жерін көрсетіп, ұшып кетеді»,– деп суреттелген.
Ал, «Қарасай, Қази» жырының Айса Байтабынов жырлаған нұсқасында Әділ сұлтан – Шынтемір ханның қартайғанға дейін перзентсіздік зарын тартып, Құдайдан бала сұрап жүргенде көрген жалғыз ұлы. Сонда Әділдің шешесі жеті басты айдаһардың жүрегіне жерік болады. Соған орай Шынтемір Қарасайға өтініш жасағанда, Қарасай шешесінің жөн сілтеуімен Күйгентау деген жерге келгенде, оған қарсы айдаһар айбат көрсетеді, бірақ оған батыр шыдас береді. Соған тәнті болған айдаһар өзінің құйрығының бір елісін кесіп береді. Оның салмағы он пұт, он қадақ шығады. Соны жеген Шынтемірдің кемпірі – Ақтолқын жерігін басады. Оның толғағы да қатты болып, перзенті сыртына шыға қоймайды. Бұның сырын Қараүлек қана біліп, елге;
«Ішіндегі ер екен,
Еңіреген ердің бірі екен.
Сырты – шойын, сүйегі темір,
Жүзі жарқын, өзі алғыр,
Билер халқын»,– деп түсіндіріп:
«Жайшы деген кемпір бар,
Шақырт та енді, соны ал.
Жайшы кемпір келмесе,
Жайшы жайын білмесе,
Біле алмадым мен деді»,– деп ақыл айтады.
Жайшы дегеннің мағынасы найзағай ойнатушы екені анық. Оның бұл қасиетінде грек мифологиясындағы Зевске тән ерекшелікке ұқсастық байқалады. Олимптің аталған патшасының да ең басты қасиеті жай [найзағай] ойнату болып табылғаны белгілі.
Жайшы кемпір Ақтолқынның босана алмай жатқан себебін Қарасайға былайша түсіндіреді:
«Туатұғын бұл бала
Өзіңнен де артық ер,– деді.–
Әскерің жинап ал,– деді.–
«Жау да келіп қалды»,– деп,
Аллалап ұран сал,– деді.–
Сонда бала туады,
Дауасы содан болады».
Сондай тәсілмен дүниеге келтірілген ұлдың келбеті:
«Басы қара қазандай,
Тереңнен шыққан сазандай.
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей.
Саусағына қарасаң,
Құмға тиген көсіктей»,– деп суреттелген.
Сөйтіп дүниеге келген Әділ он беске келгенде, Темір хан дегеннен хат алады. Ол әуелі Қарасай, Қазиға, одан кейін Телағыс пен Қобыландыға, ең соңында Ахметке сәлем жолдап, өзін Тесіктегі қызылбас шаппақ болып отырғанын айтып, көмек сұрайды. Сол шақыруға орай аталған батырлар мен Құбығұл батыр жорыққа аттанып, он екі ай жол жүріп, оның ішінде алты ай бойы шөлді басып өтіп бір көлге жетеді. Сол жерде дұшпанның елі мен жерін байқап келу үшін Әділ хан Ахметті жұмсайды. Ол көкпен тілдескен Теміртауға жетіп, соның ортасындағы тесіктің болаттан соққан есігін көріп, кері қайтып келеді. Одан кейін жұмсалған Қарасай әлгі тесіктен кіреді, соның қап-қараңғы ішімен он бес күн жүріп, арғы жағына шығады, сонда тұлпарымен тұрған қарауылшы батырмен шайқасып, жеңіп, ханына қайтып келеді. Содан хабар алғаннан кейін қызылбасқа өту үшін жеті батыр қолдан бөлінеді. Сол жердегі сұрапыл соғыс кезінде Әділ орға құлап, сонда қалады да, Қарасай, Ахмет, Телағыс, Құбығұл жаралы болып, өзге батырлар соларды жаудан алып шығып, елге оралады.
Әділді қолға түсірген қызылбастар оны суға батырып та, отқа жағып та өлтіре алмай қояды. Сонда бір мыстан кемпір Әділдің сүйегі шойын, терісі болат екенін айтып:
«Тас көмірді жағыңдар,
Майға бөлеп, балқытып,
Қарын кесіп алыңдар»,– деп кеңес береді.
Солайша жеті күн бойы балқытып, кемтар етілген Әділге бір күні пірі келіп:
Мінемісің үстіме?
Алып кетейін, балам-ай,– дегенде,
Әділ:
Тіліңді, бабам, алмаймын,
Он саусақ пен қолым жоқ,
Сопайып елге бармаймын.
Осы күні бейне бір
Бұтағы кеткен талдаймын.
Бабам болсаң сен,– деді.–
Берменірек кел,– деді.–
Қанатыңды бер,– деді.
Айтқанын істеген пірінің қанатына хат жазып жібереді. Қарақұс кейпіндегі пірі Әділдің үйіне келеді. Қарындасы Ілия хатты оқыған соң Қарасай мен Қазиға келеді. Олардың өздері де Әділді іздеп жүргелі жатыр екен. Хатта жазылған жерге жетіп, дұшпанның Қанжарбек деген ханын қатты сабағанда, ол:
«Ханыңды сенің жазайын,
Ханыңның қарын салайын»,– деп жалынады.
Содан кейін мыстан кемпірді алдырып, Әділдің қарын орнына салып, емдейді.
Бұл жыр Сыпыра жыраудың елге келген Әділдің шешесін құттықтаған толғауымен аяқталады.
«Қарасай, Қази» жырының Мұрын жырау айтқан нұсқасы Орақтың опасыздықпен өлтірілгенін суреттеуден, оның артында алты жасар Қази, жеті жасар Қарасай деген екі ұлы қалғанын баяндаудан басталады.Одан ары қарай Орақ өлгеннен соң болған оқиға: «Қондыкер деген қалмақтан хат келеді Әділ хан деген ханға [бұл ноғайдың ханы еді]. «Қарасай мен Қази қорықпаса, келсін, қалмаққа аттанып, шапсын,– деді.– Ер болса, екеуі де келсін»,– деді.
Сонда Әділ хан ойлады:
«Екі бірдей жетім баланы жауға жіберіп, өзіміз үйде отыру келісімізге келмейді»,– деп. Қырымға хабар салады. Қырымның байтақ ерін жиып алады... «Хан ордасына түсіп кетейік,– деп, Мұса ханның ордасына келіп түседі».
Бұндағы Қондыкер деген – Түркияның территориясына қоныс аударған қандастарымызға байланысты этноним, оны қалмақтармен байланыстыру қисынсыз. Ал, аталған Мұса – хан болмаған, би, беклербегі лауазымдарын иеленген кісі, ол Мамайдың әкесі, Орақтың атасы болып табылады.
Өзінің үйінен дәм татып аттанған Әділ мен әскерін көрген Қарасай солардың соңынан аттанады. Сол сапарда Әділдің аты орға жығылып, өзі жаудың қолына түсіп қалады. Ол зынданда жатқанда, қасына келіп қонған қарлығаштың қанатына хат жазып жібереді. Қарлығаш бір күні Әділдің үйіне жетіп, ханның қарындасы – Ханзияның тізесіне келіп қонады. Оның қанатындағы хатта: «Мен зынданға түсіп қалдым. Мені құтқарып алатын тоқсан баулы ноғайда ешкім жоқ. Орақ қияметтік досым еді, оның жалғыз баласы Қази қалып еді. Тірі болса, қарындасым Ханзия тапсын»,– деп жазылған екен.
Ханзия Қазиды іздеп табады. Қази барып, Әділді зынданнан босатып, елге алып қайтады.
Байқап отырғанымыздай, Әділдің бейнесі «Қарасай, Қази» жырының нұсқаларында фантастикалық сипатқа молынан ие болып, классикалық қаһармандық эпостың өзге де батырларындай мыңдаған жаумен жалғыз өзі шайқаса алатындай сипатқа ие болып, зорайтыла сомдалған. Оған қазақ жыршыларының өздері тұрған өлкеден жырақта болған тарихи тұлғаның тағдырын жетік білмеуі де себепші болған секілді. Оны Әділдің әке-шешесінің есімдері әртүрлі және қате аталуынан да аңғарамыз. Оның соғысқан елдерінің атауларымен де келісе беруге болмайды. Мысалы, Қази, Әділдер өмір сүрген уақытта қалмақтар Ноғай Ордасы мен Қырым хандығының шенін басуға жарамаған. Зертеушілер қалмақтардың өз жеріне келгенін Ештерек би бастаған ноғайлар ең алғаш рет 1601 жылы көргенін анықтаған.
«Қарасай, Қази» жырындағы кейіпкерлердің есімдері бұл туындыларға полистадиялық сипат, яғни, әртүрлі уақытта өмір сүрген тарихи тұлғалардың бір дәуірде өмір сүрген адамдар секілді суреттелуі тән екенін байқатады. Мысалы, Әділ хан әскерінің құрамында болғаны суреттелетін Алау, Тама, Ахмет, Қобыланды, Телағыс батырлар туралы осыны айтуға болады. Бұлардың алғашқысы күллі Кіші жүздің арғы атасы деп есептеледі. Ал, Тама Қазанды қорғаудың қаһарманы – Шора батыр шыққан рудың ілкі атасы. Татар ғалымы М. Усманов өзінің “Татарские исторические источники XVII – XVIII века” атты еңбегінде Айсылдың ұлы Аметтің тарихта шындығында болған тұлға екенін ибн Батутаның естеліктерінде аталған саяхатшының Өзбек ханның әрі күйеу баласы, әрі қайын атасы болып табылатын, аталған ханның әмірлерінің әмірі қызметін атқаратын Исабек гураганның үйінде қонақта болғандығын әңгімелеу ұшырасатынына және “Никон жылнамасында” осы Исабектің немересі Астрахан князі – Салшының ушкуйниктік қарақшыларды алдаусыратып өлтіргені баяндалатынына, Салшының есімі “Айсылдың ұлы Амет” жырының соңында аталатынына сүйене отырып анықтаған.
Қобыланды – «Едіге» жырының 1419 жылы қаза тапқан бас қаһарманының да, 1521 жылы опат болған Алшағырдың да замандасы ретінде, 1456 жылы Қазақ хандығының Әбілқайыр билігінен бөлінуіне де себепкер ретінде танылатын тұлға. Ал, Телағыс жөнінде деректер де ХVІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта шеніне таман үзілген. Өзге батырларға да тоқталсақ, олардың жас шамасы Әділден алшақ жатқаны білінер еді. Олардың бәрі қазақ жыршылары айтатын «Қырымның қырық батыры» атты жырлар циклының кейіпкерлері болғандықтан, осындай бір жырдың кейіпкерлері болып суреттелетіндей дәрежеге жеткен. Жоғарыда байқағанымыздай, Әділ Қарасай, Қазидан да бірде үлкен, бірде кіші болып суреттелсе, кейде құрдас ретінде де көрінеді. «Әділ сұлтан» жырында бас кейіпкердің лауазымы дұрыс айтылса, «Қарасай, Қази» жырында ол хан деген атаққа ие болған. Сондықтан В.М.Жирмунскийдің «Әділ сұлтан» жырының Қырым татарлары нұсқасы мен «Қарасай, Қази» жырының Мұрын жырау, Нұртуған ақын, Айса Байтабынов жырлаған нұсқаларын салыстыру нәтижесінде жасаған: «Ноғай нұсқалары тарихқа әлдеқайда жақын. Қазақта тарих аңызының алыс үні ғана сақталған. Әділ хан –ноғай, жаулары – қалмақ, жас батыр Қази оны қалмақ тұтқынынан азат етуші болып шықты»,– деген [5, б. 499] ғылыми тұжырымы – жалпы «Әділ сұлтан», «Қарасай, Қази» жырларының тарихилық сипатын анықтайтын, ден қоюға тура келетін ой қорытындысы.

Пайдаланылған әдебиет:
1.    Әуезов М. Шығармалар / М. Әуезов. – Он екі томдық. – Т. 11. Алматы, 1969.
2.    Исин А. ”Әділ сұлтан” эпикалық жыры / А. Исин. – Алматы, 2001.
3.    Жирмунский В. Тюркский героический эпос / В. Жирмунский. – Ленинград, 1974.
4.    Қасқабасов С. Тұтастану – фольклор поэтикасының заңдылығы / С. Қасқабасов // Қазақ фольклорының поэтикасы. – Алматы, 2001.
5.    Радлов В. Образцы народной литературы северных тюркских племен / В. Радлов. – Ч. 5. – СПб, 1885.


Сакен Сеилбек, Адилбекова Лаззат Махайовна
Эпический образ Адил султана и поэтическая традиция

Аннотация. В статье описывается поэтический образ исторической личности Адилгерей султана Даулеткерейулы в казахском эпосе «Адил султан» и «Карасай Кази». Эпос был впервые опубликован в 1896 году академиком Радловым в сборнике «Образцы народной литературы северных тюркских племен, Ч.7. Наречия Крымского полуострова», а другой вариант этого произведения был опубликован учителем местной школы г. Кизляр Ананьевым в 1900 году в книге «Сборник материалов для описания местностей и племен Кавказа». Авторами произведен сравнительный анализ композиций между разными вариантами данного эпоса.
Ключевые слова: Адильгерей султан Даулеткерейулы, крымские татары, писатель, мыслитель, проветитель.


Saken Sailbek, Adilbekova Lyazzat Mahayovna

The epic image of Adil the Sultan and the poetic tradition

Abstract. "Adil Sultan" and "Karasai Kazi". The epic was first published in 1896 by Academician Radlov in the collection "Samples of folk literature of the northern Turkic tribes, P.7. Adverbs of the Crimean Peninsula ", and another version of this work was published by the teacher of the local school of Kizlyar Ananyev in 1900 in the book" Collection of materials for the description of localities and tribes of the Caucasus." The authors made a comparative analysis of compositions between different versions of this epic.
Keywords: Adilgerei Sultan Dauletkerei Uly, Crimean Tatars, writer, thinker, enlightener.

Сакен Сеилбек[1]
Әділбекова Ләззат Махайқызы


Әділ сұлтанның эпикалық бейнесі және жыршылық дәстүр



[1] Сакен Сеилбек, Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры міндетін атқарушы; Әділбекова Ләззат Махайқызы, Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры міндетін атқарушы (Алматы, Қазақстан) 
Действия:

0 коммент.:

Yorum Gönder